Елорда төрінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі биыл да сол биіктен көрініп, Гран-при жүлдесін иеленді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының 25 жылдығына орай осымен алтыншы жыл қатарынан жалауы желбіреген байқауға Ресейдің Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі де қатысып, өнер додасының көркін қыздырды.
"Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін ұжымдық ауызбіршілігі, композициялар репертуары, актерлік шеберлігі, регламентті сақтауы, саптық жүрісі сынды критерийлер бойынша бағалады. Фестивальге Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі де қатысты. Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген Плац-концерт ЭКСПО халықаралық көрмесі іс-шаралары аясында өткізіліп, классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылар мен жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілген танымдық көрсетілімдері қала жұртшылығын ерекше әсерге бөледі», - дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН